АҚШ президенті Дональд Трамптың 2027 жылға арналған қорғаныс бюджетін 1,5 трлн долларға дейін ұлғайту туралы шешімі елдің ірі соғысқа дайындалып жатқанын аңғартады. Мұндай пікірді белгілі америкалық тілші Такер Карлсон айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Мұндай көлемдегі бюджет жаһандық немесе ауқымды аймақтық соғысқа дайындалып жатқан мемлекетке тән. Әлбетте, біз дәл сол бағытта, дүниежүзілік соғысқа қарай бет алып барамыз», – деді Карлсон өзінің авторлық бағдарламасында.
Консервативті журналистің айтуынша, қоғамның басым бөлігі мұндай сценарий жүзеге аспайды деп үміттенеді. Алайда соңғы геосаяси оқиғалар жағдайдың дәл осы арнада дамып келе жатқанын көрсетіп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Дональд Трамп АҚШ-тың әскери шығындарын 1,5 трлн долларға дейін арттыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл қадам әлемдегі тұрақсыздық күшейген кезеңде елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.