“Жоғалған отбасы” ісі бойынша отбасы мүшелерінің ізін SIM картасы арқылы анықтап, оны әлеуметтік желіге жүктеген атыраулық “хакерді” полиция іздеп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бейнежазба авторы істі ашық дереккөздер мен SIM-карта белсенділігін талдау арқылы зерттеп, тіпті күдіктінің де кім болуы мүмкін деген болжамымен бөліскен. Әлеуметтік желілерде бұл нұсқалар қызу талқыланды.
Полицияның мәлімдеуінше, интернетте айтылған деректердің барлығы әлеуметтік желілерге дейін-ақ құқық қорғау органдарының заңды жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында анықталған.
«Аталған адам жаңа мәлімет алған жоқ, дербес техникалық талдау жүргізген емес. Ол таратқан ақпарат ресми іздеу материалдарымен толық сәйкес келеді», – деп түсіндірді ведомство.
Сондай-ақ өзін «хакер» деп атаған адамға қатысты бұрын алаяқтық бойынша төрт қылмыстық іс тіркелгені және оның іздеуде жүргені хабарланды.
Еске салайық, Қызылқоға ауданына қарасты Жангелді ауылында тұрған отбасы қараша айында үйден белгісіз бағытқа шығып кеткен. Кейіннен үйдің үлкендері өлі күйінде табылды. Қалған жайттар бойынша тергеу жалғасып жатыр.