homepage
Фото: Tengrinews.kz

Айзат Жұманованың анасы күйеу баласына ең ауыр жазаны талап етті

08.01.2026, 14:17

Талдықорғанда жас әйелдің өліміне қатысты атышулы іс қаралып жатыр. Сотта марқұм Айзат Жұманованың анасы сөз алып, қызының күйеуі, айыпталушы Айбар Жанболатқа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Juzmedia.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

8 қаңтарда өткен сот отырысында жарыссөз кезеңі басталды. Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде 15 жылға бас бостандығынан айыруды өтінді. Алайда марқұмның анасы бұл талаппен келіспейтінін айтып, ең ауыр жаза қолдануды талап етті.

«Мен саған мейіріммен өсірген жалғыз қызымды сеніп тапсырдым. Ал сен оны аяусыз қинап, азаптап өлтірдің. Оның соңғы сәттерде көрген азабын кешіру мүмкін емес. Егер бір ғана жарақат болса, жазатайым жағдай деп ойлар едім. Бірақ бұл қасақана жасалған қылмыс», – деді ол сотта.

Әйел немересінің анасын іздеп, қиналып жүргенін айтты.

«Сенің қызың, менің немерем әлі күнге дейін анасын іздейді. Таңертең ұйқыдан тұрған бетте “анам қайда?” деп сұрайды. Мен оған не деп жауап беруім керек? “Анаңды әкең өлтірді” деп айтуым керек пе?» – деді ол көз жасына ерік беріп.

Еске салайық, қайғылы жағдай 2025 жылғы 22 маусымда Жетісу облысының Ақсу ауданында болды. Күйеуі әйелін аяусыз соққыға жыққан. Сот барысында оны ауруханаға жеткізген сәттегі бейнежазбасы көрсетілген, жас әйелдің медициналық мекемеге аса ауыр жағдайда түскені байқалады. Ол жансақтау бөлімінде көз жұмған.