Қостанай облысының жетекші футбол ұжымы жаңа эмблемасын ресми түрде таныстырды. Жаңартылған нұсқада клуб атауы бұрынғыдай «Тобол» емес, «Тобыл» деп қазақ тілінде жазылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Команданың баспасөз қызметі бұл өзгеріс мұқият ойластырылған, заман талабына сай жасалған жаңарту екенін атап өтті. Жаңа логотипте жанкүйерлерге етене таныс белгілер мен рәміздер сақталып, тек көрінісі қазіргі стильге бейімделген.
«Жаңа логотип клубтың тарих сабақтастығын және алға ұмтылысын бейнелейді. Онда өткенге деген құрмет пен болашаққа бағытталған көзқарас қатар көрініс тапқан. Құндылық сақталды. Құрамы өзгерді. Заманауи нұсқа», – деп жазды клуб әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Айта кетейік, бұған дейін «Тобыл» сапында ойнаған және Қазақстан құрамасының ойыншысы Ислам Чесноков Еуропа клубына ауысқаны хабарланған.