WhatsApp мессенджерінде кибералаяқтықтың жаңа түрі тіркелді. Бұл туралы Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика комитетіне қарасты болжау орталығы жазды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
.Алаяқтар қолданатын жаңа әдіс GhostPairing деп аталады және ол пароль бұзу, SIM-картаны ауыстыру немесе күрделі техникалық шабуылдарды қажет етпейді.
«Алаяқтар WhatsApp-қа заңды түрде, қосымша құрылғыларды байланыстыру функциясын пайдалану арқылы қол жеткізеді. Пайдаланушыға Facebook немесе WhatsApp атынан жасырынған хабарлама жіберіліп, ол Facebook пен WhatsApp интерфейсін визуалды түрде қайталайтын жалған парақшаларға бағыттайды. Кейін фейк-парақша телефон нөмірі мен растау кодын енгізуді ұсынады, осылайша зиянкес автоматты түрде жәбірленушінің аккаунтына сенімді құрылғы ретінде қосылып, WhatsApp-қа толық қол жеткізеді», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Аталған алаяқтық тәсілінде жәбірленушінің телефоны қалыпты жұмыс істей береді және ешқандай күдік тудырмайды. Сол себепті пайдаланушылар аккаунттың бұзылғанын бірден аңғармауы мүмкін.
Мамандар мұндай қауіптің алдын алу үшін WhatsApp-тағы «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін тұрақты түрде тексеріп отыруды ұсынады. Бұл бөтен құрылғылардың аккаунтқа қосылған-қосылмағанын анықтауға мүмкіндік береді.