homepage
Фото: Depositphotos.com

Қосшыда қаңғыбас ит қыз баланы қауып алды

08.01.2026, 11:37

Қосшы қаласында қаңғыбас ит мектеп жасындағы қыз балаға шабуыл жасады. Ол дер кезінде жалтарып үлгергенімен, дене жарақатын алған. Қатты үрейленген оқушы қазір көшеде жүре алмайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Nayza Kokshe басылымына сілтеме жасап.

Оқиға Қосшы қаласындағы Алтын қазық көшесі, 6-үйдің ауласында болған. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде алаңдатарлық жағдайларды жаппай жазып жатыр.

«Ит екі баланың күртесін жыртып тастады. Ертең балалар мектепке барады, әр ата-ана баласын апарып-әкеле алмайды», – деп жазады тұрғындар.

Ата-аналардың айтуынша, иттер ірі әрі агрессивті, ал қашуға тырысу олардың ашуын одан әрі қоздырады. Қала тұрғындары уәкілетті органдардан агрессивті жануарларды аулап, қаңғыбас және үй иттерін міндетті түрде чиптеуді, иелерінің жауапкершілігін күшейтуді талап етіп отыр. 

Ведомствоның мәліметінше, қаңғыбас жануарларды аулау мен чиптеуге бөлінген қаражат конкурс қорытындысымен 2025 жылдың желтоқсан айының басында толық игерілген. 2026 жылға арналған жаңа конкурс әзірге жарияланбаған. Сонымен қатар Қосшы қаласында жеке ветеринариялық станса жоқ, барлық қызмет Целиноград ауданынан көрсетіледі.

Мамандардың айтуынша, жергілікті ветеринариялық қызметтің болмауы мен ресурстың шектеулі болуы тұрғындар, әсіресе балалар үшін қауіп тудырып отыр. Зооқорғау саласының сарапшылары қаңғыбас ит мәселесін тек бір оқиғадан кейін шешу мүмкін емес екенін алға тартады. Олардың пікірінше, бұл бағытта жүйелі жұмыс қажет: тұрақты аулау, жануарларды ұстауға бақылау, чиптеу және тұрғындармен түсіндіру жұмыстары қатар жүргізілуі тиіс.

Қосшы тұрғындары уәкілетті органдардан алдағы уақытта балаларды қорғау үшін нақты қандай шаралар қабылданатыны жөнінде ашық түсініктеме күтеді. Әзірге жағдай ушығып тұр, ата-ана балаларын көшеге жалғыз жіберуге жүрексінеді.