АҚШ сенаторы Линдси Грэм президент Дональд Трамп Ресейге қарсы санкцияларды кеңейтуге бағытталған заң жобасын қолдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Республикалық сенатор бұл туралы X әлеуметтік желісінде жазды.
«Бүгін президент Трамппен бірқатар мәселеге қатысты өте нәтижелі кездесу өтті. Сол кездесудің қорытындысы бойынша мен, сенатор Ричард Блюменталь және өзге де әріптестерім бірнеше ай бойы дайындаған Ресейге қарсы санкциялар жариялау туралы заң жобасын қолдады», – деп жазды Грэм.
Сенатордың айтуынша, құжат қазіргі жағдайда аса өзекті.
«Украина бейбітшілік үшін ымыраға барып отыр, ал Владимир Путин тек сөзбен шектелуде. Бұл заң жобасы президент Трампқа арзан ресейлік мұнайды сатып алып, Путиннің соғыс машинасын қаржыландырып отырған елдерді жазалауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Айта кетейік, Линдси Грэм мен Ричард Блюменталь Ресейге қарсы қосымша қатаң санкциялар туралы заң жобасының тең авторлары. Құжат 2025 жылдың көктемінде ұсынылған. Алайда, Трамптың санкцияларды енгізуге асықпауына байланысты дауыс беруді кейінге қалдырған.
Заң жобасы Украинаға қарсы соғысты қолдап отырған ресейлік банктер мен ұйымдарға, сондай-ақ Ресеймен іскерлік байланыс жүргізетін елдерге, компаниялар мен жеке тұлғаларға әсер етуі мүмкін. Құжатты 100 сенатордың 82-сі қолдап отыр.
Жобаға сәйкес, Ресейден шыққан мұнайды, уранды, табиғи газды, мұнай өнімдері мен мұнай-химия тауарларын «саналы түрде сататын, жеткізетін, өткізетін немесе сатып алатын» кез келген елден келетін импортқа 500 пайыздық баж салығы енгізілуі ықтимал.