Алматы облысының полиция департаменті Алматы - Бішкек тасжолында болған жантүршігерлік жол апатына қатысты мәлімет таратты. Оқиға салдарынан Үндістан азаматтары қаза тапқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Полицияның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Алматы – Бішкек автожолының 86-шақырымында тіркелген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Alphard көлігін басқарған 33 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлік аударылған. Жүргізуші алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Екі жолаушы медициналық мекемеде қайтыс болды, тағы үшеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді», – делінген хабарламада.
Үндістанның елшілігі қайғылы жағдай 6 қаңтарда болғанын хабарлаған. Дипломатиялық өкілдіктің дерегінше, көлікте Үндістанның бес азаматы болған. Олардың төртеуі Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының студенттері, біреуі турист. Олар Шымкенттен Алматыға бағыт алған.