8 қаңтар күні таңғы 08:00-дегі мәліметке сай, Қазақстандағы бірқатар республикалық маңызы бар жолдарда қозғалыс режимі өзгерді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ҚазАвтоЖол ақпаратына бойынша Шығыс Қазақстан облысында Өскемен – Риддер – Ресей шекарасы бағытындағы жолдың Белоусовка кенті мен Риддер қаласы арасындағы 15–105 шақырым бөлігі барлық көлік түріне ашық. Ақмола облысында ауа райы жақсарған соң Астана – Көкшетау – Петропавл – Ресей шекарасы жолының 18–232 шақырым аралығында рұқсат етілген жылдамдық сағатына 110 шақырымға дейін көтерілді.
Сонымен бірге кейбір учаскелерде шектеу сақталып отыр. Шығыс Қазақстандағы Осинов асуында таулы әрі күрделі жағдайға байланысты Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары жолының 46–66 шақырымында тіркемесі бар жүк көліктеріне қыс бойы жүруге тыйым салынған. Бұл Солтүстік ауылы мен Серебрянск қаласының арасындағы бөлікке қатысты.
Павлодар облысында Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – Ресей шекарасы автожолындағы «Қалқаман» жол айырығында да қозғалыс уақытша тоқтатылды. Бұған өткел құрылысының кей бөліктерінің бүлінуі себеп болған. Қазір Қалқаман ауылына кіретін және Астана бағытына шығатын жол жабық.
Синоптиктер бұған дейін Қазақстанның 15 облысында және Астанада дауылды ескерту жариялаған. Елдің көп бөлігінде тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.