АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның 66 халықаралық ұйымнан шығуына қатысты меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, АҚШ бұл ұйымдарға қатысуды және қаржы бөлуді тоқтатуды көздейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Ақ үйге сілтеме жасап.
Меморандум Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіне кірмейтін 35 және БҰҰ аясындағы 31 құрылыммен ынтымақтастықты және оларды қаржыландыруды тоқтатуды міндеттейді. Ақ үй бұл ұйымдардың қызметі АҚШ-тың ұлттық мүддесіне, қауіпсіздігіне, экономикалық дамуына немесе егемендігіне қайшы келеді деп есептейді.
Сонымен қатар, аталған құрылымдардың бір бөлігі маңызды мәселелерді шешуде тиімсіз деген уәж айтылады. АҚШ билігі америкалық салық төлеушілердің қаражаты «жаһандық күн тәртібін ілгерілететін, бірақ ел үшін нақты пайда әкелмейтін» ұйымдарға жұмсалмауы тиіс деген ұстанымда
Ақ үй АҚШ-тың халықаралық ұйымдардағы мүшелігін түбегейлі қайта қарамақ. Вашингтон бұдан былай да ұлттық мүддеге сай келмейтін құрылымдарға қаржы бөлмей, ондай ұйымдармен байланысты тоқтатпақ.