homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Көп мұнай, үлкен ақша: Венесуэла АҚШ-қа 50 млн баррель мұнай жеткізбек

07.01.2026, 14:11

Дональд Трамп Венесуэла АҚШ-қа 30–50 млн баррель жоғары сапалы мұнай жеткізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, мұнай нарықтық бағамен сатылады, ал түскен қаржыны АҚШ әкімшілігі бақылап, қаражат Венесуэла мен АҚШ халқының игілігіне жұмсалады. Трамп бұл жоспарды жүзеге асыруды Энергетика министрі Крис Райтқа тапсырғанын хабарлады. Мұнай АҚШ айлақтарына тікелей танкер-қоймалармен жеткізіледі.

Алайда, ресми Каракас бұл мәмілені әлі растаған жоқ. 

50 млн баррель мұнай бұл – жаһан бір тәулікте тұтынатын мұнай көлемінің жартысы, қазіргі бағамен 3 млрд доллар деген сөз. 

Трамп мұнай мәселесін америкалық жетекші мұнай компанияларының басшыларымен талқылағанын айтып, олар "Венесуэлаға оралып, инфрақұрылымды қайта қалпына келтіруге әзір отыр” деп мәлімдеді. 

Алайда, әлемдік сарапшылар Ақ үйдің бұл жоспарына күмәнмен қарайды. Олар Венесуэланың мұнай саласын қалпына келтіруге өте көп қаржы мен уақыт кететінін айтады. Оның үстіне, бұл елдің мұнайы ауыр әрі қайта өңделуі қиын. Қазір Венесуэлада америкалық мұнай компанияларынан тек Chevron ғана жұмыс істеп тұр. Қалған мұнай алыптары әліптің артын бағып отырғанға ұқсайды.