homepage
Фото: Ашық дереккөзден

АҚШ Конгресі Трампқа импичмет жариялауды ұсынды

07.01.2026, 10:32

АҚШ Конгресіндегі Демократиялық партия өкілі Эйприл Макклейн Делэйни президент Дональд Трампты Венесуэладағы операцияға байланысты импичмент жариялауға шақырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Мэриленд штатынан сайланған конгрессвуменнің айтуынша, Ақ үй басшысы Конгрестің келісімінсіз әрекет етіп, Конституцияда бекітілген билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті бұзған.

«Президенттің өз өкілетінен тағы да асып кетіп, тепе-теңдік жүйесін бұзып жатқанын көріп отырып, бейжай қала алмаймын», – деді Делэйни.

Оның сөзінше, Трамп Венесуэладағы операцияны Конгрестің санкциясынсыз жүргізіп қана қоймай, ел президенті Николас Мадуро тұтқындалғаннан кейін Венесуэланы басқару ниетін де білдірген. Делэйни импичмент мәселесі жеке саяси тартыс емес, конституциялық тәртіп пен заң шығарушы биліктің рөлін қорғау екенін атап өтті.

Ал Трамп әкімшілігі Венесуэладағы әрекеттерді «ордерді орындау операциясы» деп атап, президенттің бас қолбасшы ретіндегі өкілетіне сүйеніп жасалғанын мәлімдеді. Алайда демократтар бұл уәжбен келіспей, Конгрестің алдын ала хабардар етілмегенін және рұқсат бермегенін қатаң сынға алды.

Бұған дейін Нью-Йорк сотында Венесуэла президентіне қатысты алғашқы тыңдау өткен. Николас Мадуроға «есірткі терроризміне қатысты сөз байласу, кокаин контрабандасы, пулемет пен жарылғыш заттарды сақтау және оларды АҚШ-қа қарсы қолдану ниеті» бойынша айып тағылып отыр. Оған төрт мәрте өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Мадуро өз кінәсін мойындаған жоқ. Судья келесі тыңдауды 17 наурызға белгіледі.