Еуропаның жетекші елдерінің басшылары АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны басып алу туралы кезекті мәлімдемесіне қарсы шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Польша, Испания және Дания басшыларының бірлескен мәлімдемесінде «Гренландия - оның халқының меншігі. Олардың өзара қарым-қатынасына қатысты шешімдерді тек Дания мен Гренландия ғана қабылдай алады», - делінген.
Польша премьер-министрі Дональд Туск журналистерге берген сұхбатында «НАТО-ның бірде-бір мүшесі альянстың өзге мүшесіне шабуыл жасамауы немесе қоқан-лоқы көрсетпеуі тиіс. Әйтпегенде, альянс ішіндегі қайшылықтар НАТО-ның мәнін жояды», - деп мәлімдеді.
Жексенбі күні Дональд Трамп Гренландияны аннексиялау жөніндегі ұсынысын қайта көтеріп, журналистерге «ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан Гренландия бізге қажет» деген болатын.
АҚШ президенті Арктикадағы бұл аралды бақылауға алу үшін күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармады. Ал Дания премьер-министрі Метте Фредериксен АҚШ тарапынан шабуыл жасалса, бұл НАТО-ның күйреуіне әкелетінін ескертті.
АҚШ-тың Венесуэлаға жасаған әскери операциясынан кейін Трамптың жоғары лауазымды көмекшілерінің бірінің жұбайы Кэти Миллер әлеуметтік желіде АҚШ туының түстерімен боялған Гренландия картасын жариялап, «ЖАҚЫНДА» деген жазба қалдырған.
Гренландия бірнеше ғасыр бойы Дания Корольдігінің колониясы болып, 1953 жылы оның құрамына өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстан бері географиялық орналасуына байланысты арал Солтүстік Американың негізгі қорғаныс қақпасына айналды.
АҚШ Қорғаныс министрлігі Гренландияның солтүстік-батысындағы Питуффик ғарыш базасын басқарады. Бұл нысан АҚШ пен Дания арасындағы 1951 жылғы қорғаныс келісімі негізінде салынған және зымыран соққыларын ерте анықтау, зымыранға қарсы қорғаныс пен ғарыштық бақылау жүйелерінде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, НАТО Гренландияның GIUK Gap деп аталатын стратегиялық аймағы арқылы Солтүстік Атлантикадағы Ресей флотының қозғалысын бақылап отыр.