homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Кейбір зейнетақы 5 пайызға өседі

06.01.2026, 17:32

1 қаңтардан бастап кейбір зейнеткерлердің ай сайын алатын төлемі 5 пайызға өседі. Бұл өсім зейнетақыны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алып отырған азаматтарға қатысты деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Зейнетке енді шыққан адамдарға төлем алғашқы жылы мынадай тәртіппен есептеледі: жеке шоттағы жинақтың 6,5 пайызы алынып, 12 айға бөлінеді. Ал екінші жылдан бастап ай сайынғы зейнетақы жыл сайын 5 пайызға ұлғайып отырады.

2026 жылы БЖЗҚ-дан төленетін ең төменгі айлық зейнетақы күнкөріс деңгейінің кемінде 70 пайызы болуы тиіс. Бұл сома 50 851 теңгеге тең. Ал ең жоғары төлемге шектеу жоқ, оның көлемі азаматтың жинаған қаражатына байланысты.

Мүгедектігі бірінші немесе екінші топта мерзімсіз белгіленген адамдарға, сондай-ақ кемінде 60 ай міндетті кәсіби зейнетақы жарнасы төленген азаматтарға қосымша арттыру коэффициенттері қолданылады. Егер адам осы екі талапқа бірдей сай келсе, ең жоғары коэффициент ескеріледі.

Қордың мәліметінше, зейнетақы жеке шоттағы қаражат толық таусылғанға дейін төленеді. Жинақ салымшының өз меншігі болып саналады және заңға сәйкес мұрагерлеріне беріледі.