Ирандағы наразылықтар осымен екінші апта басылар емес. Толқыған халықты басу үшін ел үкіметі жаңа әлеуметтік бағдарламаны жариялады. Оған сәйкес, билік әр азаматқа айына жеті доллар көлемінде төлем беріп тұрмақ, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бағдарлама туралы Иран үкіметінің ресми өкілі, баспасөз хатшысы Фатема Мохажерани мәлімдеді. Жоспарға сәйкес, әлеуметтік қолдау шамамен 80 миллион адамды қамтиды. Қаражат қолма-қол берілмейді, тек белгіленген тауарларды сатып алуға болады. 7 доллар бүгінгі бағаммен шамамен – 3 576 теңге.
Bloomberg дерегінше, елдің 78 қаласы мен 222 елді мекенін қамтыған жаппай толқулар соңғы жылдардағы ең ауқымды наразылықтардың бірі ретінде бағаланып отыр. Құқық қорғау ұйымдары наразылыққа шыққандар Жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеи режимінің кетуін ашық талап етіп отырғанын айтады.