homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Венесуэла оппозиционері Трампты ашық қолдады

06.01.2026, 15:38

Венесуэла оппозициясының басты лидері Мария Корина Мачадо елге жақын арада оралатынын мәлімдеп, АҚШ президенті Дональд Трамптың Николас Мадуро режимін құлатқан әрекетін ашық қолдады деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Fox News-ке берген сұхбатында ол Венесуэлада еркін әрі әділ сайлау өтсе, оппозицияның 90 пайыздан астам дауыс алатынына сенімді екенін айтқан. 

58 жастағы саясаткердің сөзінше, қазіргі басты міндет – елді сайлауға дейін қалыпқа келтіру. Оның айтуынша, цифрлық технология дамыған заманда венесуэлалықтар  дауыс беруге физикалық тұрғыда мүмкіндік ала алмай отыр. 

Мачадо соңғы рет Трамппен қазан айында, Нобель сыйлығының лауреаты атанғанда тілдескен. Мачадо марапатты АҚШ президентіне арнайтынын мәлімдеп, Трамптың Венесуэлаға қатысты әрекеттерін «тарихи әділеттің орнауы» деп бағалады. Оның сөзінше, Венесуэла демократиялық жолға түссе, ел аймақтағы басты энергетикалық орталыққа айналып, заң үстемдігін қалпына келтіріп, шетелдік инвестицияға жол ашады.

Сонымен бірге, Мачадо Венесуэланың уақытша президенті Дельси Родригесті де сынға алды. Ол Родригесті жемқор деп айыптап, есірткі айналымына тікелей қатысы барын айтып отыр. Ал, АҚШ әкімшілігі болса, тұрақтылықты сақтау үшін Мадуро режимінен қалған кейбір жоғары лауазымды тұлғалармен жұмыс істеуге ыңғай танытып отыр. 

Осы арада Николас Мадуро Нью-Йорктегі сотта есірткі қылмыстарына қатысты айыптарды мойындамай, өзін әлі де Венесуэла президентімін деп мәлімдеді. Мадуро өзінің тұтқынға алғанын Венесуэланың мұнай қорын бақылауға бағытталған саяси қысым деп бағалады.

АҚШ-тың Венесуэлаға қатысты әрекеттері Ресей, Қытай және Латын Америкасындағы солшыл күштердің қарсылығын туғызып отыр.