Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу алдағы кезеңдерде халықаралық стандартталған тесттерге жақындатылмақ. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлжан Жарасова айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Айтуынша, қазір ҰБТ форматын жетілдіру жұмысы жүріп жатыр. Тестілеу енді тек жатталған білім көлемін емес, талапкердің оны қолдана алу қабілетін, аналитикалық және сыни ойлау деңгейін бағалауға бағытталады. Бұл өзгеріс жасанды зерде мен цифрлық технологиялар кең тараған жағдайда білім алудың сипаты өзгергенімен байланысты.
Сонымен бірге, 2026 жылы ҰБТ форматы өзгермейді. Талапкерлер бұрынғыдай үш міндетті және екі бейіндік пән тапсырады. Жалпы 120 сұрақ беріледі, ең жоғары ұпай – 140. Тестілеу уақыты 4 сағат, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша уақыт қарастырылған.
Министрлік өкілдері бұл жаңашылдық талапкерлерге қосымша салмақ түсірмейді, керісінше олардың білімді өмірде қолдану дайындығын әділ көрсетуге мүмкіндік береді деп отыр.