Дональд Трамп америкалық мұнай компанияларын Венесуэлада жұмыс істеуге шақырды. Оның айтуынша, АҚШ компаниялары елдің мұнай инфрақұрылымын жөндеп, жаңғырта алады, ал бұл жобаларға федералды үкімет тарапынан субсидия қарастырылуы мүмкін. Бұл туралы Трамп NBC News телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Дональд Трамп америкалық кәсіпорындар Венесуэладағы мұнай өндірісін арттыру жобаларын 18 ай ішінде іске асыра алады деп есептейді. Алайда ол үшін қомақты қаржы қажет екенін де атап өтті.
Сонымен бірге Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ-тың ірі мұнай компаниялары бұл ұсынысқа сақтықпен қарап отыр. Атап айтқанда, Exxon Mobil, ConocoPhillips және Chevron Венесуэла нарығына қайта кіруге асығар емес.
Бұл компаниялар бұған дейін Венесуэланың мұнай саласына инвестиция салған. Алайда 2000 жылдардың ортасында Каракас билігі мұнай секторын ұлттық меншікке өткізгеннен кейін шетелдік инвесторлар елден кеткен. Осы кезеңнен бастап Венесуэлада мұнай өндірісі айтарлықтай төмендеді. Бұған АҚШ енгізген санкциялар да әсер еткен.