Ақорданың сайтында Президент әкімшілігінде істейтін бес шенеуніктің дербес салық салуға жататын кірістері туралы мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Құжатқа сәйкес ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары Ерболат Досаев 2024 жылғы табысын 14 млн теңге деп көрсеткен. Сол уақытта ол Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған болатын. Ал жұбайы Гүлнар Досаева сол жылы 2,3 млрд теңге табыс тапқан.
Тізімдегі өзге шенеуніктер жылдық табысын көрсетпеген, негізгі кірісті жұбайлары жариялаған.
Мысалы, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов декларациясында өз табысын нөл деп көрсетсе, жұбайы 2024 жылы 24,9 млн теңге табыс тапқанын мәлімдеген. Президент көмекшісі Қуанышбек Есекeeв те жылдық табысын көрсетпеген. Оның жұбайы Мадина Бектұрғанова жылдық табысын 48 млн теңге деп көрсеткен. Президенттің кеңесшісі Алексей Цой да табысын жасырып, жұбайы Жанна Цой 1 млн теңге табыс тапты десе, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Батыржан Байжұманов та табысын көрсетпей, жұбайы 2,6 млн теңге кіріс көрсеткен.
Сонымен қатар вице-министрлер мен дипломаттардың әйелдері де 2024 жылға декларацияларын жариялап жатыр. Мысалы, Вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жұбайы бағалы қағаздарға инвестиция салып 89 млн теңге тапқан. Дәл осындай құжат вице-министр Асан Дарбаевтың отбасының табысына қатысты жарияланды. Оның жұбайы Гүлнұр Дарбаева 2024 жылы 69,6 млн теңге көлемінде табыс тапқан.
Қазіргі таңда табыс туралы мәліметтер алты ведомствоның сайтында жарияланған. Атап айтқанда, Ұлттық экономика, Қаржы, Қорғаныс, Көлік, Сауда және интеграция министрлігі, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің сайтында орналасқан.
Сыртқы істер министрлігі жариялаған декларацияларға сәйкес, Қазақстанның Эстониядағы елшісі Алтай Көлгінов 2024 жылы ешқандай табыс таппаған болса, оның жұбайы Жанар Келімбетова жылдық табысын 16,97 млн теңге деп көрсеткен.