homepage
Фото: depositphotos.com

Халықтың зейнетақы аударымына элиталы үй алған 11 күдікті қамалды

06.01.2026, 12:32

Зейнетақы қорынан қаражатты заңсыз шығарумен айналысқан стоматологиялық клиникалардың басшылары мен басқа да тұлғаларға қатысты тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі жазды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер зейнетақы жинағын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін азаматтардан алынған соманың 10–20 пайызы көлемінде заңсыз сыйақы ұстап отырған. Қылмыстық схемаға ел бойынша 42 стоматологиялық клиника тартылған.

Алдын ала дерекке сәйкес, зейнетақы қорынан заңсыз шығарылған қаражаттың жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асқан. Бұл қаржыға күдіктілер элиталық жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алып, табысты жасыру үшін үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген. Сондай-ақ осы қаражат есебінен жаңа стоматологиялық клиникалар ашылған.

Қазіргі таңда 11 күдікті екі айға қамауға алынған, тағы үш адамға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Бұдан бөлек, кейбір дәрігерлер жалған медициналық қорытынды бергені анықталған. Бұл эпизод бойынша алынған қаражат шамамен 30 млн теңге. 

Агенттік атап өткендей, өз зейнетақы жинағын алған қарапайым азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.