Қазақстанда азаматтар мен бизнеске арналған барлық мемлекеттік қызметті бір платформа арқылы алуға мүмкіндік беретін AlemGPT жасанды интеллект жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында вице-премьер, цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мадиев айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрдің айтуынша, платформа мемлекеттік қызмет көрсету тәсілін түбегейлі өзгертеді.
«Бұл – жаңа формат. Азаматқа немесе бизнеске әр сервистің арасында жүрудің қажеті болмайды. Қызметтің бар тізбегі бір платформаның ішінде жүзеге асады. AlemGPT-ті толыққанды ИИ-көмекшіге айналдыруды көздеп отырмыз», – деді ол.
Жоспарға сай, Қазақстан eGov-тағы үйреншікті мәзірлік жүйеден диалогқа негізделген форматқа өтеді. Пайдаланушы қажет қызметті өзі іздемейді, AlemGPT-ке жағдайын жазып түсіндіреді. Жүйе соған сәйкес қолжетімді қызметтерді ұсынып, оларды онлайн рәсімдеуге көмектеседі.
Бұған дейін халыққа қызмет көрсету орталықтары Apple Store үлгісіндегі заманауи форматта жұмыс істейтіні хабарланған.