Венесуэла президенті Николас Мадуро америкалық әскердің қолына түскеннен кейін, АҚШ президенті Дональд Трамппен оның әкімшілігі Колумбия, Куба, Мексика, Иран және Данияға қарасты өзін-өзі басқаратын Гренландия билігіне қатаң мәлімдемелер жасады, деп хабарлайды Juzmedia.kz CNN-ге сілтеме жасап.
Трамптың айтуынша, АҚШ-тың басты мақсаты – Батыс жартышарда өз мүддесіне сай тұрақты елдер шоғырын қалыптастыру.
«Біздің міндет – айналамызда өміршең, табысты мемлекеттердің болғаны. Мұнда мұнай еркін өндірілуі тиіс. Батыс жартышардағы америкалық үстемдік енді ешқашан күмән тудырмайды», – деді Трамп.
Гренландия
АҚШ президенті Гренландияның ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қажет екенін тағы қайталады.
«Бізге Гренландия керек. Қазір ол стратегиялық маңызға ие. Аралды Ресей мен Қытай кемелері қоршап алған. Гренландия ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет, ал Дания оны қамтамасыз ете алмайды», – деді Трамп.
Бұған жауап берген Гренландия премьер-министрі Йенс Фредерик Нильсен АҚШ риторикасын «қабылдауға болмайтын» деп атады.
«Біз – риториканың объектісі емеспіз. Біз – халықпыз, елміз, демократиямыз. Гренландияны Венесуэламен салыстыру дұрыс емес», – деді ол.
Колумбия
Трамп Колумбия президенті Густаво Петро туралы:
«Ол кокаин өндіруді жақсы көретін ауру адам, әрі ол мұнымен ұзақ айналыспайды», – деді.
Ал Петро X желісіндегі жазбасында:
«Мен заңсыз дүниемен байланысы бар адам емеспін. Менің бар байлығым – әлі де жалақыммен төлеп жүрген отбасылық үй», – деп жауап қатты.
Куба
Трамп Кубаға әскери араласу қажет емес екенін айтты.
«Олар құлаудың алдында тұр. Кубаның табысы жоқ, бүкіл кірісі Венесуэла мұнайына тәуелді», – деді ол.
Ал Куба президенті Мигель Диас-Канель:
«Венесуэла үшін де, Куба үшін де біз қажет болса жанымызды қиюға дайынбыз, бірақ бұл арзанға түспейді», – деп мәлімдеді.
Мексика
Трамп Мексика арқылы есірткі ағымы тоқтамай жатқанын айтып, қысым жасады.
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум бұған жауап ретінде:
«Біз басқа елдердің ішкі ісіне араласуды түбегейлі жоққа шығарамыз», – деді.
Ол сондай-ақ АҚШ әскерінің Мексика аумағына басып кіруі шынайы сценарий емес екенін атап өтті.
Иран
Ирандағы наразылықтарға байланысты Трамп:
«Егер олар адамдарды өлтіре бастаса, АҚШ өте ауыр соққы береді», – деді.
Иранның жоғарғы рухани көсемі Әли Хаменеи:
«Ислам Республикасы жауға берілмейді, ал тәртіпсіздікке қатысқандар өз орнын білуі тиіс», – деп жауап қатты.
АҚШ Мемлекеттік департаменті X желісінде Трамптың суретімен бірге:
«Бұл – БІЗДІҢ жартышар. Президент Трамп қауіпсіздігімізге ешқандай қатерге жол бермейді», – деген жазба жариялады.