homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстандықтар сүйсіне ішетін шай қауіпті болып шықты

06.01.2026, 10:01

Қазақстанда елге кең таралған бірнеше шай брендіне әкелу мен сатуға тыйым салынды. Мұндай шешімді тексеріс нәтижесінде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қабылдады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Комитет мәліметінше, шай өнімдерінің құрамынан заңмен тыйым салынған синтетикалық бояғыштар анықталған. Атап айтқанда, E102 (тартразин), E110 және E124 (Понсо 4R) секілді қоспалар табылған. Бұл заттар денсаулыққа, әсіресе балалардың зейіні мен мінез-құлқына кері әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар, бірқатар өнімде өндіруші туралы жалған ақпарат көрсетілгені, қаптамадағы таңбалау талаптарының сақталмағаны анықталған. Кей шайлардың қорабында көрсетілген мекенжайларда нақты өндіріс орны болмаған.

Осыған байланысты «Апамның шәйі Premium gold», «Al-Hayat Gold», «БАЛҚИЯ Premium gold», «Sultan Suleyman», «Pakistan tea», «Al-Jannat Premium», «Alfarah» және өзге де бірқатар қара шай түрлерінің айналымына тыйым салынды.

Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстанда шай өндіру мен қаптау табысты бизнеске айналып отыр.