Иранда ұлттық валюта - риалдың күрт құнсыздануына байланысты басталған жаппай наразылықтар әлі де жалғасып жатыр. Желтоқсан айының соңында басталған бұл толқулар 2022 жылдан бергі елдегі ең ауқымды әлеуметтік наразылық ретінде бағаланып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz DW дерегіне сүйеніп.
Human Rights Activists құқық қорғау ұйымының мәліметінше, тоғыз күн ішінде кемінде 35 адам қаза тапқан, 1200-ден астам адам ұсталған. Қаза болғандардың 29-ы наразылыққа қатысушылар, төртеуі – балалар, екеуі – қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері.
HRANA дерегіне сәйкес, наразылықтар Иранның 31 провинциясының 27-сінде, кемінде 88 қалада өткен. Белгілі бір кезеңде күштік құрылымдар, әсіресе шағын елді мекендерде, демонстранттарға қарсы қатаң шаралар қолдана бастаған. Бұл өз кезегінде ірі қалаларда, соның ішінде Мешхед пен Тегеранда жаңа наразылық толқынына түрткі болған.
Наразылықтарға 17 жоғары оқу орнының студенттері қосылған. Қауіпсіздік күштері университет кампустарында рейд жүргізіп, наразылық акциясына қатысып, ұсталған студенттерге ешқандай жеңілдік жасалмайтынын ескерткен.
29 желтоқсанда риал тарихи минимумға жетіп, шамамен 1 риал 0,00002 еуроға тең болған. World Bank дерегіне сай, қазан айында Ирандағы азық-түлік инфляциясы 64,2 пайызға жеткен.
Бұған дейін Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы Әли Хаменеи желтоқсанда басталған наразылықтарға қатысты пікір білдіріп, жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарға қарсы қатаң шара қолдану қажет екенін айтқан.