Шымкентте адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілі Нұржан Әбдезов жеке қабылдау барысында сотталған азаматтың азаптау жөніндегі шағымын қарады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Cотталған азамат 2025 жылдың маусым айында мекеме қызметкерлері тарапынан соққыға жығылғанын айтқан. Оның сөзінше, қызметкерлер қолына кісен салып, темір торға төрт сағат бойы іліп қойған. Сондай-ақ аяқ киімін шешіп алып, табанынан резеңке таяқпен ұрған.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің сайтында жарияланған мәліметте: «Сонымен қатар қабылдау барысында тағы бір сотталғанның соққыға жығылып, жақ сүйегінің сынғаны анықталды», – деп көрсетілген.
Өтініш қорытындысы бойынша медициналық көмекті уақытында көрсетпегені үшін медицина қызметкерлері жазаланды. Ал мекеме қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 362-бабы – «Билікті немесе лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді.
Ресми хабарламада:
«Жоғары қадағалау органына мекеме қызметкерлерінің әрекеттерінде азаптау белгілерінің бар-жоғын қайта қарау жөнінде өтініш жолданды», – делінген.
Нәтижесінде Бас прокуратура бұл ұстанымды қолдап, істі Қылмыстық кодекстің 146-бабының 3-бөлігі – «Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас, азаптау» бойынша қайта саралады. Үш қызметкер қамауға алынды.
Бұған дейін Павлодарда колонияның бұрынғы басшысы қызметтік өкілетін асыра пайдаланғаны және мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткені үшін сотталғаны белгілі болған.