homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Өзбек депутаты Ресейдегі азаматтарын елге шұғыл оралуға шақырды

05.01.2026, 15:35

Өзбекстан Олий Мәжілісінің депутаты Алишер Қодыров Ресейде жүрген өзбекстандықтарға үндеу тастап, тезірек елге оралуға шақырды. Оның айтуынша, Ресейдегі жағдай күрделеніп, мигранттарға қатысты рейдтер мен қысым күшейіп барады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл үндеу Хабаровскіде Өзбекстан азаматының қаза тапқаны туралы ақпараттан кейін жарияланды. 12 желтоқсанда Хабаровск қаласында арнайы жасақ қызметкерлері бір кафеге басып кіріп, рейд барысында полиция ондағы Өзбекстан азаматтарын соққыға жыққан. Олардың бірі кейін комаға түсіп, қайтыс болды. Аталған оқиғаға байланысты Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің тиісті ведомствосына ресми нота жолдаған. 

«Ақылға салыңыздар да, Ресейден мүмкіндігінше тезірек кетіңіздер. Ешбір табыс ата-аналарыңыз бен балаларыңыздың көз жасына тұрмайды», – деді Алишер Қодыров.

Сондай-ақ бұған дейін Өзбекстанның Намаган қаласының 55 жастағы тұрғыны ақша үшін Ресей армиясы құрамына кіріп, Украинадағы соғысқа қатысқаны хабарланған. Өзбекстан соты оны екі жылға бас бостандығынан айырды.