homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі кеңейді

05.01.2026, 14:15

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19-дан 31 атауға дейін ұлғайтылды. Сауда және интеграция министрлігінің тиісті бұйрығы 4 қаңтардан бастап күшіне енді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрліктің мәліметінше, тізімді уақытша кеңейту күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға және бағаны тұрақтандыруға бағытталған. Жаңартылған тізімге ұн мен нан өнімдері, жарма, көкөніс, жеміс-жидек, қант, өсімдік майы, ет пен балықтың бірнеше түрі, құс еті, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, шай мен ас тұзы енгізілді.

Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына сиыр, қой және жылқы еті, тартылған ет, тауық еті, сүт, айран, қаймақ, сүзбе, ірімшік, сары май, бірінші санатты тауық жұмыртқасы, сондай-ақ қара шай мен ас тұзы енді.

Айта кетейік, бұған дейін бұл өзгеріс «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылған болатын. Ал Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының кеңейтілген тізімі кемінде үш ай қолданыста болады.