homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Алты адамды 100 млн теңгеге алдап кеткен алаяқ ұсталды

05.01.2026, 11:36

Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген азамат Ресей аумағынан Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратура жазды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу дерегінше, күдікті 2024–2025 жылдары Тараз қаласында өзін коммерциялық ұйым қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға инвестиция арқылы жоғары табыс табуға уәде берген. Ол жәбірленушілерді тауарды көтерме алып, кейін қайта сату жолымен бірлескен кәсіп жүргізуге үгіттеген.

«Қылмыстық әрекеттердің салдарынан Қазақстанның алты азаматына 100 млн теңгеден астам залал келтірілді. Күдікті қылмыс жасаған соң жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған», – делінген хабарламада.

Қазір күдікті тергеу изоляторына қамауда отыр. Аталған қылмыс үшін мүлкін тәркілеу және 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.