АҚШ-тың Венесуэлада жүргізген арнайы операциясы кезінде 32 кубалық қаза тапты. Олар ел президенті Николас Мадуроны қорғауға тырысқан. Бұл туралы Куба президенті Мигель Диас-Канель мәлімдеп, елде қаралы күн жарияланғанын хабарлады деп жазады Juzmedia.kz.
Мигель Диас-Канель қаза тапқан азаматтардың өз борышын абыроймен атқарғанын атап өтті.
«Олар миллиондаған кубалыққа тән ынтымақтастық рухын паш етті», – деді Куба басшысы.
АҚШ күштері Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайын тұтқындаған операциядан кейін Мемлекеттік хатшы Марко Рубио Кубаға ескерту жасады. Ол NBC News арнасына берген сұхбатында Куба билігінің «үлкен қиындыққа тап болғанын» айтты.
«Алдағы қадамдарымызды ашып айтпаймын. Бірақ Мадуроны қолдаған Куба режимін қолдамайтынымыз анық», – деді Рубио.
Оның айтуынша, Мадуро қолға түсер алдында оның жанында кубалық шенеуніктер болған. Ал Куба президенті Мигель Диас-Канель АҚШ-тың бұл әрекетін қатаң айыптап, Мадуроның тұтқындалуын «мемлекеттік терроризм» деп атады.
Қазіргі уақытта Венесуэланы уақытша вице-президент Делси Родригес басқарып отыр.