homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Трамп: «Бізге Гренландия да керек»

05.01.2026, 10:02

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлада жүргізілген әскери операциядан күш алғанға ұқсайды. Енді ол өзге де мемлекеттерге көз бен сөз сала бастады. The Atlantic журналына берген телефон арқылы сұхбатында Трамп АҚШ-қа Гренландияның қажет екенін айтқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Бізге Гренландия шынымен де керек. Бұл – даусыз», – деді Трамп.

Оның айтуынша, Дания құрамындағы әрі НАТО-ның одақтасы саналатын арал «ресейлік және қытайлық кемелермен қоршалған».

Осы мәлімдемеден бір күн бұрын Ақ үй әкімшілігі басшысының орынбасары Стивен Миллердің жұбайы Кэти Миллер X әлеуметтік желісінде АҚШ туының түстерімен боялған Греландияның картасын жариялаған. Жазбаға «Жақында» деген сөз қоса жазылған. Бұл жазба АҚШ-тың Венесуэладағы операциясы аясында қоғамда әртүрлі реакция туғызды.

АҚШ-тағы Дания елшісі Йеспер Мёллер Сёренсен бұл жағдайға пікір білдірді.

«Дания АҚШ-пен одақтас. Біз өз аумақтық тұтастығымызға толық құрмет көрсетілуін күтеміз», – деді дипломат.

Айта кетейік, Трамп бұған дейін де Гренландияны аннексиялау ниетін бірнеше рет айтқан. 2024 жылдың желтоқсанында ол Truth Social желісінде «Гренландияға иелік ету және оны бақылау – ұлттық қауіпсіздік үшін абсолютті қажеттілік» деп жазған. 

Сондай-ақ өткен желтоқсанда Трамп Луизиана штатының губернаторы Джефф Лэндриді АҚШ-тың Гренландия бойынша арнайы өкілі етіп тағайындаған.