homepage
фото: BBC

Трамптың түнгі жорығы: есірткі, мұнай һәм саяси сигнал

05.01.2026, 09:30

2026 жыл дүрбелеңмен басталды. АҚШ әскері Венесуэла президенті Николас Мадуроны түнде төсегінен тұтқындап әкетті. Жалғыз емес, қасында ұйықтап жатқан әйелін де қосақтай кеткен. Америкалық БАҚ-тың мәліметінше, операцияға Саддам Хусейнді ұстауға қатысқан элиталық «Дельта» арнайы жасағы (Delta Force) тартылған. Мұның бәрін  АҚШ-тың 47-нші президенті Дональд Трамп өз резиденциясынан тікелей эфирде бақылап отырыпты. «Тура телешоу көріп отырғандай болдым» деп тамсанған Трамп осылайша тағы бір елдің тағдырын жаңа жылдың үшінші түні, жарты сағатта шешіп тастады...

Хош. Сонымен, әлемдік сарапшылар Трамптың түнгі жорығының кем дегенде үш басты себебін саусағын бүгіп тұрып санап береді. Біріншісі, ол ресми нұсқа - есірткі трафигін басқарды деген айып. Трамптың айтуынша, Мадуро есірткі картелін басқарған, ал оны тұтқындағаннан кейін АҚШ-қа келіп жатқан есірткінің «97 пайызына тосқауыл қойылған». Сондай-ақ Трамп Венесуэла президентін «мыңдаған америкалықтардың өліміне кінәлі» деп айыптады. Оның сөзінше, Мадуро АҚШ-қа «ең қауіпті адамдарын» әдейі жіберіп, олар адам өлтірумен айналысқан. АҚШ президенті «Мадуроны тұтқындау арқылы біз әділеттілік орнаттық» деп мәлімдеді.

Мұнайға байланысты мүдде

Алайда, сарапшылардың пікірінше, есірткіге қатысты айыптаулар - тек сылтау. Трамптың көздегені - Венесуэланың мұнай қорларын бақылауға алу. Демократ-конгрессмен Джейк Очинклосс Каракастағы оқиғаны «мұнай үшін төгілген қан» деп сипаттады. Айтпақшы, осы аралықта шетелдік БАҚ АҚШ-тың Венесуэладағы әскери операциясы салдарынан қаза тапқандар саны 80-ге жеткенін хабарлады.

2026 жылғы мәліметтер бойынша, әлемдегі дәлелденген мұнай қоры ең көп елдердің рейтингісінде Венесуэла көш бастап тұр. Оның үстіне, Венесуэла мұнайы АҚШ-тың мұнай өңдеу зауыттары үшін таяқ тастам жерде тұр, теңіз арқылы небәрі 4–5 күнде жеткізіледі. Ал, Парсы шығанағы елдерінен мұнай тасымалы 35–40 күнге созылады.

Әңгіме ауаны мұнайға ауғанда Венесуэладағы жағдайға Қазақстанның да құлағы түрік. Ел билігіне АҚШ-тың ығына жығылар күштер келсе, «Шеврон» сияқты америкалық алып компаниялар еркін кіре бастайды. Бұл компаниялар дайын инфрақұрылым арқылы мұнай өндіруді тез арада жолға қойып, шикізатты тікелей АҚШ нарығына тасымалдауы мүмкін. Бұл нарыққа арзан «қара алтынның» үлкен көлемін шығарып, әлемдік бағаны күрт төмендетуі мүмкін, деп қауіптенеді сарапшылар.

Латын Америкасына жасалған белгі

Саясаттанушылар мен Венесуэла билігінің пікірінше, АҚШ операциясы тек Каракасқа емес, бүкіл Латын Америкасына бағытталған саяси сигнал болуы мүмкін. Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригестің айтуынша, аймақта дербес саясат жүргізуге тырысқан кез келген ел Мадуроның кейпін киюі әбден ықтимал.

Мадуроны не күтіп тұр?

Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес Нью-Йорктің Бруклин ауданында орналасқан Метрополитендік қамау орталығына (MDC) жеткізілді. Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта бұл изоляторда 1336 тұтқын бар.

MDC орталығы бұған дейін де бірқатар атышулы тұлғалар сот үкімін күткен. Атап айтқанда, 2024 жылғы қыркүйекте бұл изоляторға америкалық рэпер P. Diddy (Шон Комбс) қамауға алынған.

Николас Мадуро MDC-ге түскен Латын Америкасындағы алғашқы президент емес. 2022 жылғы сәуірде бұл мекемеге Гондурастың бұрынғы президенті Хуан Орландо Эрнандес (2014–2022 жылдары ел басқарған) жеткізілген болатын. Ол АҚШ-қа экстрадицияланып, жүздеген тонна кокаин тасымалына көмектесті және есірткі саудагерлерін қорғады деген айыппен сотталған. Алайда 2025 жылғы 1 желтоқсанда Хуан Орландо Эрнандес АҚШ президенті Дональд Трамптың толық кешірімі негізінде бостандыққа шықты.

Саясаттанушылар, Николас Мадуро да осы сценариймен белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айырылып, кейіннен тіпті отанына да оралуы мүмкін деп болжайды. Алайда, бұл мәселе көп жағдайда геосаяси келісімдерге байланысты болмақ.