Солтүстік Корея 4 қаңтар күні Жапон теңізі бағытына бірнеше баллистикалық зымыран ұшырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
Бұл – КХДР-дің 2026 жылғы алғашқы зымыран сынағы. Оңтүстік Корея әскерилерінің мәліметінше, зымырандар Пхеньян маңынан жергілікті уақытпен шамамен 07:50-де ұшырылып, 900 шақырымға жуық қашықтыққа жеткен. Жапония жағалау күзеті кемінде бір зымыранның теңізге құлағанын растады. Оқиғаға байланысты Оңтүстік Корея президентінің кеңсесі шұғыл жиын өткізді.
Бұл сынақ 2025 жылғы 29 желтоқсанда Ким Чен Ын қатысуымен Сары теңізі бағытында стратегиялық қанатты зымырандар ұшырылғаннан кейін жасалып отыр. Бұған дейін КХДР баллистикалық зымырандарды қараша айының басында сынаған. Ол сынақтар АҚШ президенті Дональд Трамп аймаққа сапары кезінде Ким Чен Ынмен кездесу мүмкіндігін айтқаннан кейін өткен еді. Пхеньян бұл ұсынысқа жауап берген жоқ.