homepage

Ақмола облысында жарты ай бұрын жоғалған жігіттің денесі даладан табылды

Juzmedia. kz
01.12.2024, 14:12

Ақмола облысында жарты ай бұрын жоғалып кеткен мүгедек жігіттің денесі иен даладан табылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Біржан сал аудандық полиция бөліміне Андрей Андреевич Рябконың жоғалып кеткені туралы арыз 19 қарашада түскен.

Туыстарының айтуынша, 24 жастағы жігіт 14 қарашада жоғалып кеткен. Алайда бес күн бойы өз бетінше іздеу жұмыстары нәтижесіз аяқталған соң, олар полиция көмегіне жүгінген.

Жоғалған жігіттің ата-анасы оның көрші ауылдағы туыстарына жиі жаяу барып тұратынын айтқан.

«Дереу іздестіру шаралары ұйымдастырылып, полиция қызметкерлері, еріктілер мен мүдделі азаматтардан арнайы топтар құрылды. Іздеу жұмысы орманды жерлерді, дала мен жақын маңдағы елдімекендерді сүзіп шықты. Аумақты көбірек қамту үшін дрондар мен қызметтік көліктер пайдаланылды.

30 қарашада полицейлер иен даладан жоғалған адамның денесін тапты. Алғашқы сараптама кезінде ер адамның үсік шалып көз жұмғаны анықталды», - делінген хабарламада.

Полицейлер азаматтарды мүмкіндігі шектеулі немесе түрлі диспансерлік есепте тұрған туыстарына бақылауды күшейтуге шақырады. Тәртіп сақшылары сондай-ақ қыс мезгілінде оқыс оқиғаларға ұшырап немесе үсікке шалдықпас үшін із-түзсіз жоғалғандарды дереу іздестіру туралы өтініш жазуды ұсынады.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.