homepage
Фото: Ашық дереккөзден

БҰҰ Венесуэлаға қатысты шұғыл отырыс өткізбек

04.01.2026, 11:39

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың Венесуэла аумағында жүргізген операциясын талқылау үшін 5 қаңтар күні шұғыл отырыс өткізеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жиын Гринвич уақытымен 15:00-де, Астана уақытымен 21:00-де өтеді. Қаңтар айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне ай сайынғы ротация аясында Сомали төрағалық етіп отыр.

АҚШ сенбі күні Каракасте арнайы операция жүргізіп, Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайын ұстаған. Кейін Мадуро АҚШ-қа жеткізіліп, Бруклиндегі тергеу изоляторына қамалды.

Бұл оқиға халықаралық деңгейде кең реакция тудырды. Түркия мен Иран Венесуэлада болып жатқан жағдайды мұқият бақылап отырғанын мәлімдеді. Қытай АҚШ-ты халықаралық құқықты сақтауға және өзге елдердің егемендігіне қол сұқпауға шақырды. Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва Вашингтонның әрекетін қатаң айыптады.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэладағы операцияны мысалға келтіріп, «АҚШ-тың барлық жауларына» осындай шара қолданылуы мүмкін екенін ескертті. Халықаралық қауымдастық Венесуэладағы жағдайдың ушығуынан алаңдап отыр.