Чехия парламентінің төменгі палатасындағы оппозициялық партиялар спикер Томио Окамураны қызметінен босатуды талап етіп отыр. Оппозицияның мұндай қадамға баруына Окамураның Украина туралы мәлімдемесі себеп болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жаңа жылдық сөзінде, Томио Окамура Украинаға қару-жарақ жеткізуді қатаң сынап, “чех азаматтарының, соның ішінде зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топтардың қаражаты мәнсіз соғысқа жұмсалмауы тиіс” екенін айтқан.
Сондай-ақ Окамура Украина билігін және Киевті қолдап отырған елдерді сынға алып, Еуропалық одақтың саясатын Үшінші дүниежүзілік соғыс қаупімен байланыстырды.
Бұл мәлімдемені Чехиядағы бірқатар саяси күштер айыптаса, Украина тарапы да наразылық білдірді. Украинаның Чех еліндегі елшісі Василий Зварич пен Жоғарғы рада төрағасы Руслан Стефанчук “бұл – украин халқын қорлайтын мәлімдеме” деп бағалады.
Өз кезегінде Томио Окамура оппозицияны елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге қабілетсіз деп сынға алды.
Айта кетейік, Окамура 6 қарашада парламент ғимаратынан Украина туын алып тастауды бұйырған болатын. Бұл әрекет те Чехияда және Украинада сынға ұшырады.
Томио Окамура 2025 жылғы 3–4 қазанда өткен парламенттік сайлаудан кейін құрылған жаңа билеуші коалицияның қолдауымен парламент спикері болып сайланды. Бұған дейін Чехияның жаңа премьер-министрі Андрей Бабиш Украинаға қаржылық кепілдіктер бере алмайтынын мәлімдеген болатын.