Атырау облысының полициясы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында тұрған отбасын іздестіріп жатыр жатыр, деп хабарлады Juzmedia.kz.
Бір отбасының төрт бірдей мүшесі 2025 жылдың күзінен бері хабар-ошарсыз. Туыстары полицияға тек 25 желтоқсанда ғана арызданған.
Қазан айынан бері байланысқа шықпаған отбасы мүшелері:
– Қарабалин Максот Мұқанғалиевич, 1959 жылы туған;
– Өтешқалиева Насипа Бахитқызы, 1961 жылы туған;
– Қарабалина Мирамгүл Максотқызы, 1990 жылы туған;
– Мұқанғалиев Наурыз Максотұлы, 1993 жылы туған.
Ақ Жайық басылымының жазуынша, олардың барлығы Жангелдин ауылында тұрады.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, алдымен отбасының ұлы Наурыз жоғалған. Ол туыстарына Ақтауға жұмысқа кетіп бара жатқанын айтқан, бірақ қайда және кімге баратынын нақты айтпаған. Осыдан кейін онымен байланыс толық үзілген.
Көршілерінің сөзінше, қазан айында бүкіл отбасы ауылдан кеткен. Олар ауылдастарына дәрігерге бара жатқанын ғана айтқан. Қай қалаға, қай медициналық мекемеге бағыт алғаны белгісіз. Туыстарының қолында олардың ем алғанын, жүрген бағытын немесе кейінгі тұрған жерін растайтын деректер жоқ.
Отбасының таныстары барлық малдың Наурыздың атына рәсімделіп сатылғанын, ал түскен қаражат әкесі Мақсот Қарабалиннің жеке шотына аударылғанын айтады.