Ресей мен Украина жаңа жыл мерекесі кезінде бейбіт халыққа жасалған шабуылдар үшін бір-бірін айыптады. Мәскеу Украинаның оңтүстігіндегі өзі басып алған аумақта қонақүйге соққы жасалды десе, Киев елдің энергетикалық жүйелеріне жасалған ірі шабуылдар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz
«Жаңа жылда Ресей соғысты әдейі ушықтырып отыр. Түнде Украинаға 200-ден астам соққы жасайтын дрон ұшырылды», деп жазды Украина президенті Владимир Зеленский Telegram желісінде. Жаңа жыл қарсаңында Ресей Киевке жаппай шабуыл жасап, қала дерлік толықтай электр қуатынсыз қалған еді.
Ал Ресей Украина әскерін кемінде 24 адамды, оның ішінде бір баланы өлтірді деп айыптады. Бұл оқиға Ресей бақылауындағы Украинаның оңтүстігіндегі Херсон облысында дронның қонақүй мен кафеге соққы беруі салдарынан болған. Ол жерде бейбіт тұрғындар Жаңа жылды қарсы алып жатқан.
Ресей Сыртқы істер министрлігі шабуыл салдарынан 24 адамның қаза тауып, 50 адамның жараланғанын, олардың ішінде ауруханада ем алып жатқан алты кәмелетке толмаған бала бар екенін хабарлады. Ведомство бұл оқиғаны «әскери қылмыс» деп атады.
«Шабуылдың алдын ала жоспарланғаны күмән тудырмайды. Дрондар Жаңа жылды қарсы алу үшін жиналған бейбіт тұрғындар шоғырланған аумақтарды әдейі нысанаға алды», делінген РФ СІМ мәлімдемесінде.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәскеу Киевті президент Владимир Путиннің резиденциясына соққы жасауға тырысты деп айыптаған болатын. Алайда украиналық және еуропалық ресми тұлғалар мұны жоққа шығарды, америкалық қауіпсіздік саласының мамандары да Украинаның резиденцияға шабуыл жасамағанын растады.