homepage
фото: ашық дереккөзден

2026 жыл: қазақстандықтардың өмірі қалай өзгереді

02.01.2026, 09:00

Жаңа 2026 жыл қазақстандықтардың өміріне айтарлықтай өзгеріс әкеледі. Елдегі елеулі өзгерістерге Juzmedia.kz шолу жасап көрді. 

1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Енді ҚҚС мөлшерлемесі 16%. Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20% болады. Алайда бизнес санаттарының кейбірі үшін ерекшеліктер қарастырылған: банктер мен ойын бизнесі үшін – 25%, әлеуметтік сала ұйымдары үшін – 2026 жылы 5%, 2027 жылы 10%, ал ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін мөлшерлеме 3% деңгейінде сақталады. Жылдық табысы 36 миллион теңгеден төмен азаматтар 10% салық төлесе, 36 миллионнан асатындар – 15% төлейді. 

Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге дейін көтерілді. Бұл жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің, айыппұл мен салықтардың және мемлекеттік баж сомаларының өсуіне әсер етеді. Елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі де өсті. 2026 жылы ол 50 851 теңге болмақ. Дегенмен ең төменгі жалақы сол қалпы қалды, оның мөлшері үшінші жыл қатарынан 85 000 теңге көлемінде сақталып тұр. 

Қазақстанда зейнетақы 10% өседі. Осылайша ең төменгі базалық зейнетақы 35 596 теңге, ал ынтымақтық зейнетақы 69 049 теңгеге жетті. Базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері 60 004,18 теңге, бұл 34 жыл не одан да көп жұмыс өтілі бар азаматтарға арналған. Сондай-ақ, мемлекеттік жәрдемақылар көлемі де 10 пайызға артты. 

Биыл бірқатар жаңа айыппұл енгізілді. Мысалы жасанды интеллект жүйелерін пайдалануға байланысты бұзушылықтар үшін айыппұлдар енгізілді, соның ішінде жасанды интеллект жүйесінің иелері мен пайдаланушыларына жалған ақпарат таратқаны үшін айыппұлдар салынады. Ал 2026 жылдың 18 қаңтарынан бастап 21 жасқа толмаған адамдарға темекі өнімдері мен энергетикалық сусын сатқандар айыппұл арқалайды. 

Жаңа жылдан бастап құрылыс компаниялары қосылған құн салығын төлейді. Жаңа салық кодексіне сәйкес, баспананы қолданысқа беру кезінде 16% төлеуге міндетті. Сарапшылар бұл өзгерістер жаңа тұрғын үй бағасының өсуіне алып келуі мүмкін деп болжайды. Алайда бұл өзгеріс тек құрылысы 2026 жылы басталатын тұрғын үй кешендеріне ғана қатысты. Сондай-ақ, енді жаңа тұрғын үйлерді сатып алу тек есепшот арқылы жүзеге асады, қолма-қол ақша төлеуге болмайды. 

1 қаңтардан бастап мүлік, жер және көлік салығын төлеу ережелері өзгерді. 10 жыл жүрген көлікке 30%, 20 жылдан асқанына 50% жеңілдік жасалады. Есесіне, жол қозғалысы ережесін бұзғандарға қолданылатын айыппұлдар өседі. Енді белгіленген жылдамдықты 10–20 км/сағ-қа асырған жүргізуші – 21 625 теңге, 20-40 км/сағ асырғаны үшін – 43 250 теңге, 40 км/сағ асырғанда 20 АЕК – 86 500 теңге төлейтін болады.