Жаңа жыл түні Швейцарияның Кран-Монтана тау шаңғысы курортында орналасқан барда жарылыс болып, 40 шақты адам қаза тапты. Тағы 115 адамды күйік шалып, түрлі дене жарақаттарын алған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жарылысқа мерекелік пиротехника себеп болуы мүмкін деген болжам бар.
Жергілікті полицияның сөзінше, қаза тапқандарды, сондай-ақ ауыр күйік шалғандардың кейбірінің аты-жөнін анықтау қиынға соғып тұр. Қаза болғандардың арасында швейцариялықтармен қатар шетелдік туристер де бар. Өрт жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 1:30-да «Le Constellation» деп аталатын барда тұтанған.
Жарылыстан зардап шеккендердің дені Сьон қаласындағы ауруханаға сондай-ақ, Женева, Лозанна, Берн және Цюрих қалаларындағы ауруханаларға жеткізілген. Зардап шеккендерді емдеуге көршілес Франция, Германия және Италия елдері де көмек ұсынған.
Швейцарияның бас прокуроры Беатрис Пиллу өрттің нақты себебі әзірге анықталмағанын, тергеу бірнеше нұсқаны қарастырып жатқанын мәлімдеді.
Ал, өрттің куәгерлері бұған дейін журналистерге өрт шампан бөтелкесіне салынған фейерверктен шыққанын айтқан. Куәгерлердің сөзінше, от ғимараттың төбесіне тиіп, мезетте жайылған.
Елде Жаңа жылдық шоулар, концерттер мен өзге де мерекелік іс-шаралар тоқтатылды.
Мемлекет басшысы Швейцария Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлаған болатын.