Таразда Жаңа жыл түні Жамбыл даңғылындағы мейрамханада өрт шықты. Оқиға кезінде ғимарат ішінде шамамен жүзге жуық адам болған деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Өрт екі қабатты мейрамханаға жапсарлас салынған жазғы қосалқы құрылыстан тұтанған. Қауіпсіздік мақсатында мейрамханадан шамамен 100 адам эвакуацияланды. Құтқарушылар оттың негізгі ғимаратқа және маңайда орналасқан жанармай құю бекетіне таралуына жол бермеген.
300 шаршы метрге жуық аумақты шарпыған өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
«Өрт сөндірушілер отты жедел ауыздықтап, оның мейрамхананың негізгі ғимаратына және жақын маңдағы жанармай құю станциясына таралуына жол бермеді», – деп хабарлады Тараз қалалық ТЖД.