homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

2026 жыл – цифрлық даму мен жасанды интеллект жылы

01.01.2026, 09:11

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

2025 жыл еліміз үшін мерейлі жыл болды. Әлемдегі ахуал күрделі болса да, экономикамыз дамыды. Елге ауқымды инвестиция тартып, бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық, деді Президент. 

2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды. Бұл жылы еңбек адамдарының айрықша құрметке бөленгенін айта келе, мемлекет басшысы келер 2026 жылды Цифрлық даму және жасанды интеллект жылы деп жариялады. 

Мен биылғы Жолдауымда Цифрлық мемлекет болуымыз керектігін жарияладым. Сондықтан келесі жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп атау туралы шешім қабылдадым. Озық технологиялар еліміздің барлық саладағы әлеуетін арттыруға жол ашпақ, деді президент.

Сондай-ақ, алдағы уақытта елдің энергетикалық әлеуетін нығайтуға, агроөнеркәсіп кешені мен су шаруашылығы мәселелерін шешуге, көлік-логистика саласын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілетінін атап өтті.

Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындай береді, деген президент өз бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында осымен үшінші жыл қатарынан әр баланың есепшотына қаражат түсетінін, білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға әрдайым айрықша назар аударылатынын атап өтті.