homepage
фото: ашық дереккөзден

2025 жыл: саясат һәм саяси ерік-жігер

31.12.2025, 17:32

Әдетте, саясатта жұрт күтетін және күтпеген жерден ұшырасатын реформалар болады. Жылыстап бара жатқан жылдың ееең басты саяси жаңалығын осы екі категорияға теліген жөн. Бірақ, тосыннан тосырқатып тастады дейін десең, қоғам ол туралы жылдар бойы жағы сембей айтып келеді. Ал күтпеген жаңалық дейтініміз, дәстүрлі Жолдауда Парламент партасындағылар қалғып-шұлғып отырған кезде зал сілтідей тынды. Депутаттар бірден демдерін іштеріне тартып, кейбірінің дегбірі қашып, маңдайларынан шып-шып, шымырлап тер шығып, әсіресе Сенаттағылардың самай тұстарының тамырлары бүлк-бүлк етіп, бүгежек қағып қалғаны рас. Ол - ел Президенті Қ.Тоқаевтың мына мәлімдемесі:

«Мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл - өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет».

2025 жылдың ең маңызды саяси мәлімдемесі болғандықтан, ақпарат құралдары ауыз жаппастан бұл жаңалықты тура бір апта жырлады да, сап тыйылды. Сап тыйдырды деген де дұрыс шығар... Сосын араға бір ай салып, Мемлекет басшысы «Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы туралы» өкімге қол қойды. Топтың екі тізгін, бір шылбырын Мемлекеттік кеңесшіге ұстатты. Құрамына Мәжілістің, Сенаттың, ҚХА-ның, Парламенттегі саяси партия фракцияларының, ғылыми институттардың өкілдері мен заңгер-ғалымдар, сондай-ақ Ұлттық Құрылтай мүшелері мен сарапшылар енді. Күні кеше жұмыс тобының үшінші отырысы өткені хабарланды. e-Otinish пен eGov платформалары арқылы азаматтардан 400-ден астам ұсыныс түсіпті, барлық бастамалар сарапшылармен бірлесіп жүйеленіп, жан-жақты талданып жатыр, деді мемлекеттік хатшы.

Бұдан басқа бұқараның білетіні шамалы қазір. Өйткені, кімнің нақты қандай ұсыныс жасап, онысы қаншалықты ұтымды, ұтқыр шыққаны туралы жақ ашқан жан баласын әзірге көре алған жоқпыз. Тек Айдос Сарымның Ақорданың рұқсатымен, арнайы ұйымдастырылған подкастарында айтып жүргендері болмаса, қалғандарының қалың ұйқы құшағында жатқаны қайран қалдырмай қоймайды. Әйтпесе, Президент айтты-бітті деп, қос өкпесін қолына алып жүрген бір қоғам белсендісін немесе сауыт-сайманын сайлап, алаулатып-жалаулатып жүрген бір саяси партияны көрмедік осы күнге дейін. Демек, алуан пікір, алып-қашпа әңгіме мен ала-шапқынның көкесі алдағы бір-екі жылдың бедерінде белгілі болады деген сөз. Ол туралы дер кезінде деміміз таусылмай жүрсек, жазып-сызармыз. Ал бүгінгі біздің айтпағымыз және дәл осы бастаманы 2025 жылдың ең басты саяси жаңалығына жатқызуымыздың себебіне тоқталмақ ниет қана.

Қазаққа қос палаталы Парламенттің қажеті қанша, деген пыш-пыштың ашық та, жабық жария болып жүргеніне кемі 20 жылдан астам уақыт өткенін Президенттің өзі ашып айтты. Айтып тұрып, өзі 10 жыл басшылық еткен Сенатты тарата салу тағдыршешті шешім болса да, өзіне оңай соқпағанын жасырмады. Демек, айналасындағылармен сан мәрте ақылдасып, кеңесіп пішкен келісімнің керек екенін мойындау - ең алдымен – Президенттің саяси ерік-жігерінің шегедей мықтылығын көрсетсе керек. Жұрттың не деп жатқанына, қоғамның нені қорашсынып жүргеніне бей-жай қарамай, саналы түрде саралап, зерттеп, зерделеп барып шешім қабылдайтын саяси сауатының зіл-батпан салмағын көрсетеді. Сондықтан да, күнделікті күйбең тірлікте көзге көріне бермейтін саясаттағы сан-сауалдың 2025 жылдағы сауабы мен жауапкершілігі ең маңыздысы Президенттің Сенатты тарату туралы мәлімдемесі деп түйдік...

Бекәлі Жәдік