АҚШ-та Walt Disney компаниясы балалардың жеке деректерін қорғау талаптарын бұзды деген айыппен 10 миллион доллар көлемінде азаматтық айыппұл төлейтін болды Бұл туралы АҚШ Әділет министрлігіне сілтеме жасаған шетелдік басылымдар жазды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Федералды соттың шешіміне сәйкес, Disney Worldwide Services Inc. және Disney Entertainment Operations LLC компаниялары YouTube платформасында балаларға арналған контент арқылы деректер жинау кезінде заң талаптарын толық сақтамаған. Осыған байланысты сот Disney-ге интернеттегі балалар құпиялылығын қорғау туралы заңды бұзатын тәсілмен YouTube-та қызмет жүргізуге тыйым салды.
Сонымен қатар компаниядан алдағы уақытта заң талаптарының толық орындалуын қамтамасыз ететін арнайы бағдарлама әзірлеу талап етілді. Аталған заң 13 жасқа толмаған балаларға арналған сайттар мен қосымшаларды ата-аналарды қандай дерек жиналатыны жөнінде алдын ала хабардар етуге және олардың келісімін алуға міндеттейді.
АҚШ Әділет министрлігінің өкілі Бретт Шумейттің айтуынша, «министрлік ата-аналардың өз балаларының жеке ақпараты қалай жиналып, қалай пайдаланылатынына қатысты шешім қабылдау құқығының сақталуын қатаң қамтамасыз етеді».