Қазақстанда құмар ойындарға арналған арнайы аймақтардың саны артуы мүмкін. Бұл туралы Ербол Мырзабосынов айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрдің айтуынша, 29 желтоқсанда Мәжіліс туризм саласын қолдауға бағытталған заңнамалық өзгерістерді қабылдаған. Құжатта казино қызметін кеңейту тетіктері қарастырылған. Жаңа ойын аймақтары негізінен шетелдік туристерге арналады, олар Маңғыстау, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында орналастырылуы мүмкін.
Брифинг барысында Ербол Мырзабосынов нақты жер телімдерін жергілікті атқарушы органдар өңірлердегі инфрақұрылым мүмкіндіктеріне қарай анықтайтынын айтты. Оның сөзінше, бір ғана казино жылына бюджетке 2–3 млрд теңге көлемінде салық түсіріп, шамамен 500 адамды жұмыспен қамтуы ықтимал.
Министр жергілікті тұрғындар тарапынан бұл бастамаға қарсылық жоқ екенін атап өтті. Сондай-ақ казино қызметін пайдаланатын негізгі аудитория шетелдік туристер болатынын жеткізді.