homepage
Фото: dw.com

Германияда қарақшылар банктен миллиондаған еуроны ұрлап кетті

31.12.2025, 10:00

Германияның батысында орналасқан Гельзенкирхен қаласында қарақшылар банк қоймасының қабырғасын бұзып, сейфтен ақша мен қымбат заттарды алып кетткен. Бұл оқиға ел тарихына ең ірі тонау фактісі ретінде қалмақ, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қарақшылар қанша ақшаны қолды еткені әзірге белгісіз, бұл сома 10 миллионнан 90 миллион еуроға дейін жетуі мүмкін. 

DW жазуынша, қаладағы Sparkasse банкінің бөлімшесіне жасалған шабуыл туралы 30 желтоқсанда белгілі болған. Қылмыскерлер банк ұяшықтары орналасқан бөлме мен оған іргелес автотұрақтың арасындағы қалың бетон қабырғаны бұрғылап тесіп, ішке кірген. Бұл ақпаратты жергілікті полиция ресми түрде растады.

Полиция дерегінше, мыңдаған сейф бұзылған. Куәгерлер 28 желтоқсан күні кешкісін автотұрақтағы баспалдақ маңында ауыр сөмкелер көтеріп жүрген бірнеше ер адамды көргенін айтқан. Ал бейнебақылау камералары 29 желтоқсан күні таңертең автотұрақтан қара түсті Audi RS6 көлігінің шыққанын тіркеген. Көлік ішіндегі адамдар бетперде киген, ал нөмірлік белгі бұған дейін Ганновер қаласында ұрланған болып шықты. Полиция қарақшылардың әрекетін «өте кәсіби деңгейде ұйымдастырылған» деп бағалап отыр.

Dpa агенттігінің хабарлауынша, шамамен 3200 сейф бұзылып, қолма-қол ақша, алтын және зергерлік бұйымдар ұрланған. 

Sparkasse өкілдері әрбір сейф 10 300 еуроға дейін сақтандырылғанын мәлімдеген. Мұны естіген клиенттер банк ғимаратының алдына жналып, наразылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, жоғалған қаражат пен бағалы заттардың көлемі сақтандыру өтемінен әлдеқайда жоғары. Жалпы есеппен алғанда, шамамен 2700 адам зардап шеккен.