2025 жыл Қазақстан үшін бірқатар маңызды саяси, әлеуметтік және құқықтық оқиғалармен есте қалды. Жыл ішінде судьялар, депутаттар және әкімдердің жеке өміріне қатысты дау-дамайлар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалар, ЛГБТ заңнамасы, атом электр станциясының салыну мәселесі мен энергетикалық қауіпсіздіктке қатер төндірген Каспий құбыры консорциумына шабуыл тақырыптары қоғам назарына ілікті. Сонымен қатар, Шерзат Полат трагедиясы, Назарбаев пен Путиннің Кремльдегі кездесуі елдегі саяси және әлеуметтік контекстің күрделілігін көрсетті. Осы оқиғалар арқылы 2025 жылы Қазақстандағы мемлекеттік институттар, қоғамдық сенім және басқару жүйесінің қайта құрылуы бойынша маңызды сын-қатерлер мен талқылаулар айқын көрінді.
Жеке өмір мен жария жауапкершілік шекарасы
2025 жылы Қазақстандағы саяси және әкімшілік элитаның бірқатар өкілдері қызметтік шешімдерімен емес, жеке өміріне қатысты даулармен ақпараттық күн тәртібіне шықты. Бұл жағдай қоғамда «лауазым иесінің жеке кеңістігі қай жерде аяқталып, қоғамдық жауапкершілік қай жерде басталады?» деген сұрақты алға шығарды.
Мәселен, 2025 жылдың 10 қыркүйегінде Мәжіліс отырысында депутат Ардақ Назаров анасын 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Назаровтың құттықтау сөзі қоғамда түрлі реакция тудырды. Назаровтың өзі бұл әрекетті ата-ананы құрметтеу үлгісі ретінде түсіндіргенімен, көпшілік парламент мінбері жеке құттықтауға арналмаған әрі ресми отырыстың мақсатына сай емес деп сынады. Сын айтқандардың пікірінше, елдегі шешімін күткен күрделі мәселелер фонында Мәжіліс залынан құттықтау жолдануы өкілді органның басымдықтары дұрыс қойылып отыр ма деген сұрақты алға шығарды. Бұл жағдай депутаттың жеке ниетінен гөрі, парламенттің қоғамдық сұранысқа қаншалықты жауап беріп отырғанына қатысты күмәнді күшейтті.
Әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы кең талқыланған оқиғаның бірі – Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың жеке өмірі мен некесіз туған баласына байланысты дау болды. Маңғыстау облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Ынташ Наурызова шулы мәлімдеме жасап, президент Қасым‑Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады. Онда ол өзіне қысым көрсетілді деп сипаттап, мемлекеттік органдар мен әкім аппараты тарапынан қысым жасау әрекеттері туралы айтты. Бұл оқиға тек жеке өмір мәселесі ретінде қарастырылмай, Қазақстан қоғамында билік пен жауапкершілік, моральдық стандарттар және қоғамдық сенім туралы пікірталас тудырды. Дегенмен 14 тамызда кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі соттың шешімімен Нұрдәулет Қилыбай облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Ынташ Наурызованың ұлының әкесі деп ресми танылды.
Ал, судья Әсел Досаеваның көлікті мас күйде айдап келе жатқан кезде ұсталуы әлеуметтік желілерде тез таралып, қоғамда құқықтық жүйенің этикасы мен кәсіби жауапкершілігіне қатысты күмән туғызды. Полиция мен ІІМ бұл істі тексеріп, материалдарды Бас прокуратураға әрі Жоғары сот кеңесіне жолдағандарын хабарлады. Алайда ресми деректерге қарамастан, судьяның қызметін жалғастырып жатқаны да жарияланды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалар
2025 жылы Қазақстанда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс‑қимыл туралы» заңға бірқатар маңызды түзетулер енгізілді. Оларға мемлекеттік қызметшілердің мүдделер қақтығысын алдын алу талаптарының күшеюі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылуы, сондай‑ақ жемқорлыққа қарсы саясатты орталықтандыру және бақылауды қатаңдату міндеттері кірді. Қоғамдық талқылауда ең үлкен сынның бірі – заңның қолдану әдісі мен бақылау механизмдері жеткіліксіз деген пікір. Белсенділер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек заңнамалық түзетулер арқылы емес, тәуелсіз құқық қорғау институттарының күшейтілген бақылауымен жүруі тиіс деп санайды.
Шерзат Полат оқиғасы: Тоқаевтың тыйымы және медиа назардың бәсеңдеуі
2024 жылдың 4 қазанында Алматы облысы Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат кісі қолынан қаза тапты. Оқиға қоғамда үлкен шу тудырған трагедияға айналды. Президент Тоқаев қайғылы жағдайға қатысты пікір білдіріп, сырттан келген қандастардың Қазақстан заңына қатал бағынуы керегін еске салды (Қаржаубайдың (Шерзаттың әкесі) анасы 1998 жылы Қарақалпақстаннан көшіп келген).
«Осы оқиғаға қатысы бар азаматтар бойынша мына мәселені еске салғым келеді. Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!», деді Тоқаев.
Тоқаевтың тиымы қоғамда шет елдерден тарихи отанына оралған азаматтарға қатысты заң талаптарының күшейтілгенін меңзеген интерпретациямен талқыланды. Шерзат оқиғасы медиада үлкен назарға ие болғанымен, уақыт өте қарқыны бәсеңдей бастады. Эмоционалды репортаждар, әлеуметтік желілердегі талқылау мен қоғам белсенділері, блогерлердің реакциясы саябырлап, кейін бұқаралық ақпарат құралдарында басқа тақырыптарға орын берілді.
ЛГБТ заңнамасы және құқықтық контекст
2025 жылдың ең дау тудырған заңнамалық бастамаларының бірі - парламенттің ЛГБТ «насихатына» тыйым салуды көздейтін заң жобасын қабылдауы болды. 12 қарашада Мәжіліс «гендерлік бағытқа жатпайтын қатынастарды насихаттауға тыйым салатын» түзетулерді бірдей дауыспен мақұлдады; бұл өзгерістерді «балаларды қорғау» деп негіздеді, алайда нақты мәтінде ЛГБТ тақырыбындағы ақпаратты медиадан, интернеттен және қоғамдық кеңістіктен жою көзделді. Бүгін құжатқа президент қол қойды. Бірақ көптеген құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар заң жобасының мәтіні мен қолданылуына қатысты қатты алаңдаушылық білдірді. Адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымдар мен белсенділер заң жобасын Қазақстанның халықаралық адам құқықтары міндеттемелеріне қайшы деп бағалады.
Каспий құбыр консорциумы: экспорттағы осалдық
2025 жылдың қараша-желтоқсан айларында Қазақстанның мұнай экспортында аса маңызды рөл атқаратын Каспий құбыр консорциумы (CPC) инфрақұрылымына бағытталған дронмен шабуыл ел экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздікке тікелей әсер етті. 29 қарашада Ресейдің Новороссийск порты маңындағы CPC теңіз терминалына дронмен шабуыл жасалып, терминалдың екі тіреу нүктесі (SPM‑2, SPM‑3) істен шықты. Бұл инфрақұрылым Қазақстаннан шығатын шикі мұнайдың шамамен 80%‑дан астамының негізгі экспортына пайдаланылатын басты бағыт. Осы шабуыл салдарынан елдің Энергетика министрлігі экспортты басқа бағыттарға қайта бағыттау жоспарын іске қосқанын хабарлады. CPC жүйесінің шектеулі жүктемесі жағдайында Қазақстан Баку‑Тбилиси‑Джейхан (BTC) құбыры мен Қытайға бағытталған балама маршруттарды белсенді түрде қолдануға мәжбүр болды. Бұл шаралар қысқа мерзімде экспорт ағынын сақтауға мүмкіндік берсе де, орталық экспорттық бағытқа тәуелділіктің айқын осалдығын көрсетті.
Атом электр станциясы: энергия ма, әлде қоғамдық сенім сынағы ма?
2025 жылы Қазақстандағы ұзақ талқыланған әрі ең даулы тақырыптардың бірі – атом электр станциясын салу мәселесі болды. Бұл тақырып тек энергетикалық саясат аясында ғана емес, қоғамдық сенім, экология және саяси ашықтық мәселелерімен тығыз байланысып отыр. Билік өкілдері АЭС-ті елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық шешім ретінде сипаттайды. Алайда қоғамдағы пікір біркелкі емес.
АЭС мәселесі Қазақстанда таза технология туралы әңгімеден әлдеқайда кең мағынаға ие. Семей ядролық полигонының тарихи жарасы, экологиялық апаттар мен денсаулыққа зардабы – бұл тақырыпты эмоциялық әрі саяси тұрғыдан аса сезімтал етеді.
14 маусымда Қазақстан атом энергиясы жөніндегі агенттік ресейлік «Росатом» алғашқы АЭС салатын халықаралық консорциумның көшбасшысы болып танылғанын мәлімдеген. Сарапшылар мен белсенділер билік ұсынған қоғамдық тыңдауларды формальды сипатта өтті деп бағалап, нақты диалогтың жетіспейтінін айтты.
Жыл кездесуі: Назарбаев пен Путин Кремльде бас қосты
2025 жылдың 27 желтоқсанында Мәскеудің Кремль сарайында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин кездесті. Бұл жайында Кремльдің ресми баспасөз қызметі хабарлады. Бірақ кездесудің күн тәртібі мен нақты талқыланған мәселелері жайлы ақпарат ашық берілген жоқ.
Ресми мәліметтерде бұл басқосу «биік деңгейдегі сенім мен берік қарым‑қатынастың белгісі» ретінде сипатталды. Мұндай құрметке бұрын тек Қытай мен Беларусь басшылары ғана ие болған. Кездесу жария түрде дипломатиялық келіссөздер форматында өтпеді, бұл ресми саясаттан гөрі жеке деңгейдегі қарым‑қатынас көрінісі ретінде қабылдауға итермелейді. Бұған дейін Назарбаев пен Путин 29 мамырда Мәскеуде кездескен еді. Назарбаев 2019 жылы президенттік қызметтен кеткелі бері ескі байланыстарын сақтап, Ресеймен үнемі байланыста қалды. Бұл жүйелі түрде өтетін кездесулер оның саяси аренада әлі де ықпалға ие екендігін көрсетеді. Дегенмен, қоғамда бұл кездесулер тыңшылықпен, тіпті сыни риторикамен қабылданады. Депутат Мақсат Толықбай медиаға берген пікірінде Назарбаевтың бұл кездесуін ұлттық қауіпсіздік мәселесімен байланыстырып, айыптай сөйледі.
Арнайы Juzmedia үшін Ая Өміртай