homepage
фото: коллаж Juzmedia

Мем дүние ме, кем дүние ме: жыл айтқыштары

30.12.2025, 15:21

Күйіктің де күлкісі болады... Ардақ Назаровты айтамыз. Депутат ретінде сойқан сауалдар жолдап, министр атаулыны міңгірлетіп жіберсе, мүмкін бәрі жарасымды. Ондайда ерлігіне қарап, көз жұма салар ма едік, бәлкім? Бірақ, жақ ашпай, тек кейде өзінің бар екені, кім екені есіне түскенде елеусіз мәселе көтеріп, мысы демде басыла қоятыны бар. Жә, жанында жүргеніміз жоқ. Саңлақ спортшы ғой, сөзден гөрі істің адамы шығар. Солай дейін десек...

Қысқасы бұрын соңды тәуелсіз де тәуелді Қазақстанның тарихында Парламент төрінен мамасын құттықтаймын деп, мазақ болды. Мәжілістен басқа мінбер қалмағандай, отбасының мерекесін Парламентке алып келді. Әріптестері көңіліне тимейін деген болар. Әйтеуір, ду қол шапалақпен одан сайын шабыттандырды. Қайтсе де «артық қылам деп, тыртық қылды». Өйткені, сайлаушылар депутаттарға Парламентте құттықтау сәлем жолдауды емес, ауыл-аймақтағы қордаланған проблеманы сауал қылып жолдауды аманаттаған. Амал қанша, Ардақ Назаров «анасының баласы болып» шықты. Әшейінде, ұлт даналығын ұрпақтың құлағына құйғыш еді. Оның үстіне халық қалаулысы деген аты тағы бар... Жылыстап бара жатқан ұлу жылында ұмытылмастай болып ел есінде қалмақ енді...

Мәжілісте қызық та, шыжық та көп. Депутат Ермұрат Бапи ит емес-ау, кит өлген жерден импортталатын тауарға таң қалды. Сондағы сары уайымы – Жаңа Зеландиядан жететін сары май. Сол өнімді қарынға сақтаған қазақ енді сырттан қол жайып сұрағаны қалай? Депутат осылай деп ойындағы сауалын төтесінен қойған. Бұған вице-премьер Қанат Бозымбаев бозарып кете ме деп едік, керісінше. Терең күрсініп, келеке етті. Саясаттағы «ауыр салмақты» адамның ел алдында күрсінгені кекесін күлкі үйірді елдің езуіне. Әйтеуір, не керек, сұрақты сан қырлы қабылдады. Популизм деп түйреп өтті. Ақыры тауар өндірушілердің өзі кінәлі боп шықты. Егер ішкі нарықта бәсекеге сай болса, оны кім бәсеңдетпек? Жә, солай-ақ дейік. Бірақ, қанша түлкі бұлаңға салса да факті факті болып қала береді. Ендеше күнде импорттық әрі қымбат тауармен бетпе-бет келетін қарапайым халық қандай сабырлы еді. Егер бүкіл ел күрсінсе, тіпті жер тітіркенер ме еді?!..

«Сасқан үйрек артымен жүзеді»... Басқа емес, бағаға тікелей жауапты сауда және интеграция вице-министрі биыл «айды аспанға бір-ақ шығарды». Айдар Әбілдабековке «шетелмен салыстырғанда азық-түлік неге қымбат» деген сұрақ қойылды. Негізі, жауыр болса да жанды мәселе. Бірақ, шенеунік күрмеулі мәселенің шешімін шемішке шаққан құрлы көрмеді. Ащы шындықты ашты. Бар гәп, жұрттың өзінде. Шығынданатын себебі шыр көбелек айналып, шағын маркеттерден шыға алмай жүр. Егер ерінбей базарға барса, вице-министрдей ет, тауық сатылатын жерді, өндіріс орындарының сауда нүктелерін жақсы білсе қалтасы да, жүйкесі де жұқармас еді ғой. Бірақ, премиум-супермаркеттердің тұтынушысы халық қана. Ал, ақ жағалылар базар жағалап, баға салыстырып, сатушымен саудаласып әуре-сарсаңға түседі екен. Осыдан соң бұқараның «неге қымбат» дей беруден қысылмайтынын қарашы. Бәріміз «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» деп ойлайтынбыз. Вице-министрге рахмет, түсіндік, олай емес екен...  

«Айтпаса сөздің атасы өледі»... Армия емес, ақтық сапар. Шабытпен кетіп, табытпен оралып жатқандар аз емес. Неге ата-ананың етегі жасқа толғанда, қорғаныс министрінің езуіне күлкі үйірілді? Дәурен Қосанов тілшінің ашынған сұрағына «қойшы, солай ма» деп қуақылана жауап қатты. Мұны көрген қоғам «бізді қорғап тұр ма әлде қорлап тұр ма» деп әрі-сәрі күйде қалғаны анық. Тіпті, әскердегі әлімжеттікті жоққа шығарды. Мейлі көзі көгерсе көңіл түспес. Жұдырықтасу ер жігітке тән қасиет қой. Бірақ, мүгедек қылғанға қалай шыдарсың... Темірдей тәртіптің иесі деген қорғаныс министрінің өзі түйткілге қабағы түйілмесе, басқасынан не үміт, не қайыр...

Осындайда «балық басынан шіриді» дейтін бе еді? Мәтін бойы сұрақ көп қойдық. Өйткені, мән іздедік. Ал, мемлекеттік қызметтегілер болса, ақпараттық заманда сән болсын дейді ме екен, әйтеуір аңдамай сөйлеуді, ауырмай өлу емес, әлемжеліде МЕМ қылатын қылық шығарды. Атың шықпаса, жер өрте. Ауыздан «апат» болып, абыройдан жұрдай болғандардың ең ауырын биыл Жетісу облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов айтты. Денсаулық сақтау министрінің өзі қатысып отырған жиында ол «Мүгедектерді мүсіркеңдер! Өйткені оларды Құдайдың өзі солай жаратқан», деп айды емес, атын аспанға бір-ақ шығарды... Бірақ, оның беті қызарып, бүйрегі бүлк етпеді. Ал, күйіп-піскен сол баяғы қара халық...

БЕКӘЛІ ЖӘДІК