2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы спорттың 10 түрінен қатысып, 58 медаль жиынтығы үшін бақ сынайды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, ұлттық құрамадан шамамен 35 спортшы аттанады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрдің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстан спортшылары бірқатар олимпиадалық лицензияны алып үлгерген. Атап айтқанда, мәнерлеп сырғанаудан Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоров екі жеке ресми жолдама иеленген. Сонымен бірге, шорт-тректен 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия алынды.
2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары 6–22 ақпан аралығында өтеді. Дүбірлі додаға 93 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысып, барлығы 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ашылу салтанаты Миланда, ал жабылу рәсімі Верона қаласында өтеді деп жоспарланған.
Мырзабосыновтың айтуынша, бүгінде елде қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамып келеді. Осы бағытты күшейту үшін инфрақұрылымды кеңейту және олимпиадалық резерв даярлау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Қазақстанда қысқы спортқа арналған 1262 спорт нысаны бар.
Ресми дерекке сәйкес, қысқы спорт түрлерімен тұрақты айналысатын азаматтар саны шамамен 149 мың адам. Ал спорт мектептері арқылы қамтылған балалар мен жасөспірімдер саны 17 мыңға жеткен.