homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақ мұнайының мұңы

30.12.2025, 10:41

Желтоқсан айында Қазақстанның мұнай секторы бір мезетте бірнеше ауыр қысымға ұшырады. Reuters агенттігінің дерегінше, елде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 6 пайызға қысқарып, тәулігіне 1,93 млн баррель болды. Негізгі соққы елдегі ең ірі кен орны – Теңізге тиді: Chevron басқаратын жобада өндіріс 10 пайызға төмендеп, тәулігіне 719,8 мың баррельге дейін азайды.

Өндірістің төмендеуіне басты себептердің бірі – экспорттық инфрақұрылымдағы іркіліс. Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалына жасалған соққының кесірінен желтоқсанда Қазақстан экспорттайтын CPC Blend мұнайының көлемі 19 пайызға төмендеп, тәулігіне 1,082 млн баррельді ғана құраған. Бұл – соңғы 14 айдағы ең төменгі көрсеткіш. Қазіргі таңда терминал бір ғана айлақ арқылы жұмыс істеп тұр. 

Экспорттағы іркілісті – экономиканы тежейді. Мұны Қазақстан билігі жақсы түсінеді және балама бағытта экспорттық шығынды өтеуге жанталасып жатыр. Мұнайының бір бөлігі Баку – Тбилиси – Джейхан бағытына қайта бағытталып, Атырау – Самара құбыры арқылы Ресейге жөнелтілетін көлем де артты: желтоқсанда бұл бағыттағы тасымал 25 пайызға өсіп, тәулігіне 255,5 мың баррельге жетті. Алайда бұл балама жолдар КҚК қуатын толық алмастыра алмайды, сондықтан логистикалық шектеу сақталып отыр.

Резервуарлардың толуына байланысты Қарашығанақ мұнай өндіру көлемі айтарлықтай қысқарды. Бұған қоса, 30–31 желтоқсанда Новороссийск маңында күшті дауыл тұрып, танкерлерге мұнай тиеуді одан әрі қиындатуы мүмкін деген болжам бар. 

Мұнай өндірісінің 6 пайызға, экспорттың 19 пайызға қысқаруы шикізатқа тиесілі қазақ экономикасы үшін ауыр соққы. Оның үстіне әлемдік мұнай бағасы әлсіресе, Қазақстан қазынасы біраз қаржыдан қағылады. Осылайша, шиеленісе түскен геосаяси ахуалдың кесірі түптеп келгенде әрбір қазақтың қалтасына түсетін салмақты арттыра түседі.