Астанада 30 желтоқсанда жауын жауды, көше көтайғақ. Осыған байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшіп, жолдар мен тротуарларға тәулік бойы тайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Әкімдік тұрғындар мен қала қонақтарын сақ болуға шақырды. Жаяу жүргіншілерге жолдан өткенде мұқият болып, таймайтын аяқ киім киіп және мүмкіндігінше алыс жолға шықпауға кеңес беріледі. Көріну қашықтығының төмендеуі мен жолдың тайғақтығын ескеріп, жүргізушілер жылдамдық режимін асырмай, арақашықтықты сақтап, сондай-ақ көліктің техникалық жағдайы мен дөңгелектердің ауа райына сәйкестігін тексеру қажет деп ескертеді ТЖМ. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу керек.
Синоптиктердің мәліметінше, бүгін түнде қар жауып, боран соғады, ертең, 31 желтоқсанда күндіз тағы жаңбыр жауады, көктайғақ сақталады. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз 15–20 м/с-қа жетуі мүмкін. Түнде 3–5 градус аяз, күндіз шамамен 0 градус болады.
1 қаңтарда да қар жауып, боран мен көктайғақ сақталады. Оңтүстіктен соққан желдің екпіні түнде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Түнде ауа температурасы 10–12 градус аяз, күндіз 8–10 градус аяз болады.